Meyrkhanus+

Description
Эссе
⏩ @meyrkhan_us
Advertising
We recommend to visit

Қарақалпақстанда ҳәм Өзбекстанда жүз берип атырған жаңалықларды турақлы түрде @KARAKALPAK24 телеграм каналы арқалы бақлап барың.

📬 Мүрәжат жоллаў: @kk24bot

📊 Реклама: @kk24_reklama

Last updated 4 weeks ago

"Қазақша кітаптар" телеграм арнасы, қазақ және әлем авторлардың кітаптары, сандық нұсқада, тегін.

Жарнама мен Ұсыныстар: @Marat_Kaisarov

Last updated 1 year, 1 month ago

Last updated 1 month, 1 week ago

1 week, 3 days ago

Кеше үйге клининг қызметін шақырып едім. Бір қарасам, олардан ұят болмасын деп өзім ыдыстарды жуып, қоқыс шығарып жүгіріп жүрмін ғой. Сенбі, таңғы сағат 08:00-де, Карл!

Сосын бойымдағы бұл комплекс қайдан пайда болғаны жайлы ойланып кеттім. Сөйітсем, бәріне қонақжай достарым кінәлі екен.

Сондай бір досымның үйіне қонаққа барсам, ол:
- Мен, - дейді, - бүгін қонақ келеді деп ойламап едім. Тоңазытқышым Қазақстанның Ұлттық қоры сияқты бос тұр. Құдай бұйыртқан нәрседен ауыз тиеміз енді. Күшті дастархан жая алмаймын, айып етпе.

Ал Құдай оған сол күні қазы-қарта, башқұрттың бал қымызы, президент ірімшігі, манты, Сырдариядан ұстап әкелген сазанды бұйыртып тұр. Соңғы рет ондай керемет дастарханды Шымкенттің тойханасынан көріп едім.

Сосын ол шайды пакетпен емес, кәдімгі самауырынмен құйып отырады ғой, ішіңді ашытып.

Ал саған Құдай ең сәтті әрі берекелі күніңде сары май мен 10 шт жұмыртқа жіберуі мүмкін. 10 жұмыртқаның біреуі жарты жолда жарылып қалса, таңғалмаймын. Жоқ, мен шүкірсіз емеспін, осыған да шүкір.

Тағы бір досымның үйіне ескертусіз барып қалсам, ол:
- кешір, үйім шашылып жатыр. Сенен ұят болды. Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады,- деп күледі ғой ыңғайсызданып..

Ал оның үйі сыпыртқымен емес, тілмен жалағандай тап-таза жадырап тұр. Раковиналары жалтырап тұрғаны сонша, шыбын қонса, тайып құлап қанатын сындырады.

Жалпы, адам шамасы жетпейтін қонақжай стандарттары мен әлеуметтік нормаларды бекітіп тастаған достарыма рақмет! Сендердің кесіріңнен үйге қонақ шақыру - мен үшін нағыз стреске айналды.

Кеше келген клинер:
- Басында келіскен бағаның үстіне тағы 10 мың теңге қосыңыз. Үйіңіз мұншалықты лас екенін білмеппін,-дейді ғой жұмысын жасап болған соң.

Өмір сондай қиын..

2 weeks, 2 days ago

Адамзат тарихында аты қалған, жетістікке жеткен тұлғалардың бәрі бақытсыз болған секілді (Пайғамбарлардан басқа. Олар мүлдем жоғары деңгейде).

Өйткені бақытын тапқан адам Марсқа ұшқысы келмейді, бақытты инженер таңнан кешке дейін гараждан шықпай компьютер жасамайды, бақытын тапқан қолбасшы б.з.д ІІІ ғасырда бүкіл әлемді жаулау үшін соғыса бермейді, бақытты капитан шексіз мұхитқа кемемен шығып, Үндістанға апаратын төте жол іздемейді. Бақытты физик адамзатты қырып жіберетін Атом бомбасын ойлап таппайды. Бақытты ақын 45 бөлімнен тұратын «Қара сөз» жазбайды. Бұлардың бәрі жауапсыз махаббат, сатқындықтың құрбаны болған пенделер.

Бақытты адамдар тарихта із қалдырмайды. Олардың аты көшелерге берілмейді..

Құдайдан бақыт сұраған кезде осыны ескеріңіз. Өйткені Ол дұғаларды қабыл етуші..

3 weeks ago

Адам миы жайлы кітап оқып жүрмін. Жуық арада бір операцияға кіретін едім. Сол үшін бүкіл дене мүшемді жақынрақ тану - мақсатым.

Біз мидің күшімен ғарышты игеріп, интернет ойлап таптық. Қостанай облысы, Қамысты ауданының Білім беру басқармасы директоры болған тәтем бұл сөзіммен келіспеуі мүмкін, бірақ өзім мидың арқасында ҰБТ-дан 115 балл жинадым. Кітап авторы Билл Браисонның осы туындысынан кейін ми - менің екінші сүйікті ағзама айналды.

Сыртқы пішіні түйе жаңғаққа (зумерлер үшін грек жаңғағы) ұқсайтын орган тек жетістіктің кілті емес, сонымен қатар біртүрлі аурулар жиналған сандық деуге болады. Әсіресе, жүйке жүйелерімен байланысты синдромдар өте қорқынышты.

Мысалы, "Антон-Бабинский синдромымен" ауыратын әрі көзі көрмейтін адамдар өзінің зағип екеніне сенбейді. Дәлірек айтсам, олардың миы "сен соқыр емессің" деп сигнал беріп отырады. Ал "Риддох синдромына" шалдыққандар тек қозғалатын обьектілерді ғана көре алады екен.

Ал "Капгра синдромындағы" адамдар өздері өте жақсы білетін достары, тіпті әке-шешесі кім екенін бірден ұмыта салатын қабілетке ие.

"Клювер-Бюси синдромымен" ауыратын кісілердің бар арманы: тек тамақ ішу және жыныстық қатынасқа түсу. Осы сырқат менің бойымда да бар секілді)))

Бірақ ең қатты таңғалдырғаны - "Котар синдромы" болды. Бұған шалдыққан науқастар өзін өліп қалды деп есептейді және ешкім олардың бұл ойын өзгерте алмайды.

Аллаһ Тағала басында дерті адамдарға шипа беріп, бізді мұндай аурулардан сақтасын. Әмин!

1 month, 1 week ago

Қазақтар неге үнемі кешігіп жүреді?
(Өйткені, біз мейрімді халықпыз)

Осыдан 7-8 жыл бұрын бір кісімен Розыбакиев-Тимирязев аялдамасында кездесуге келістік. Жолығатын адам жайлы бар білетінім: оның руы ошақты, жынысы - әйел, аты - Дариға. Сайлауда Назарбаевқа дауыс берді ме әлде бермеді ме былай тұрсын, түрін де білмеймін.

Джентельмен ретінде кездесуге әдеттегідей ерте барып алдым. Бірақ ең күтпеген сәтте Кенесарыны сатып кеткен Қырғыз манаптары секілді айфонымның қуаты бірінші 100%-дан 20%-ға, кейін 5%-ға түсіп, ақыры өшіп қалды. Алдымен Стив Джобсты, сосын оның орнына келген Apple-дің қазіргі CEO-сы Тим Кукты жақсылап боқтағаным әлі күнге дейін есімде..

Аялдамадағы әдемі қыздардың қайсысы Дариға екен деп көп ойланып, ақыры біреуіне барып:
- Кешіріңіз, сіз Дариғасыз ба?,- десем, сөзімді түсінбеді. Мылқау шығар деп кері бұрылып кетіп бара жатсам, наушнигін шеше отырып, "Не дейсіз?" деп жауап берді.

Опшым, әлгі (ЛжеДариға деп атайық) қыз менің жағдайымды түсініп, бірінші өз телефоны арқылы хабарласыңыз деп смартфонын ұсынды. Менімен кездесетін адамның номерін жатқа білмейтінімді айтып, басымды жерге салбыраттым. Сосын жақын жерде бір дүкен бар екен. Сонда барып қуаттап алсаңыз болады деп мені ерітіп алып бір жерге апарды. Ол айтқан дүкенде розеткалардың ешқайсысы бос емес болып шықты.

Не керек, сөйтіп тұрғанда мейірімді бейтаныс қарындас маған көмектесем деп 5-6 автобусын өткізіп алыпты және жұмысына 1 сағаттай кешігіп барды-ау деймін.

Айтайын дегенім, қазақтар адасқан адамдарға қолұшын беріп, жол сілтеймін деп үнемі өзінің жұмысы мен кездесуіне кешігіп жүреді.

P.S. Сол сәттен бастап қыздармен танысу үшін өте ақылды болудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Бар болғаны, адасып, жол таппай қалған ақымаққа айналып шыға келсең, мейірімді қыздардың бәрі сенің қасыңнан шықпай қалады. "Менің кемшілігім - артықшылығыма айналды" деген осы шығар..

1 month, 1 week ago

«Менің атам молда болған», «Жеті атам қажылыққа барып келген» деген секілді әңгімелерді кейбір атеистерден әлде дінді мойындамайтын адамдар ауызынан жиі естиміз.

Тайландтағы трансвеститті Алматыдағы Шаңырақ ауданынан көргендей бұған қатты таңғалудың қажеті жоқ. Себебі бұрын дін арқылы адамдар өзін қоғамның белгілері бір мүшесі екенін дәлелдай алатын еді. Яғни, сен жұма күні мешітке бармасаң, сақал қоймасаң, Құрбан айтта мал соймасаң, зекет бермесең, шамаң жетіп тұрып, қажылық жасамасаң қоғам сені шеттететін. Бойыңнан діни атрибуттар байқалмаса, сені ешкім өз тобына қоспайды. Саған қызын бермейді, сенімен ешкім құда болмайды. Тіпті, амандаспауы да мүмкін еді..

Ал қазір діннің орнына жұмыс келді. Егер бүгінгі күнде жұмыс істемесең қоғам өкілдері біртүрлі қарайды. «Инвалид па, әлде жатып ішер біреу ме?» деп адамдар сенімен араласпауға тырысады. Қоғам былай тұрсын, үйде бос жатсаң қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсірген ата-анаң жақтырмауы мүмкін. Сол себепті қазір діндарлар саны азайып, дінге уақыты жоқ жұмыскерлер көбейді. Бұл нормально.

Келесіде қоғамның бір мүшесі екеніңізді дәлелдеу үшін басқа тренд пайда болуы мүмкін. Мысалы, 7-8 жыл бұрын, яғни телеграм онша танымал емес кезде офисте істейтін ақ жағалы ойы лас кейбір клерктер бар еді. Солар телеграмы жоқ әріптесін туған күнге шақырмай, кейбір кештер жайлы айтпай, астыртын шеттетіп жүретін. Яғни, телеграмдағы аккаунтың арқылы сен жоғары интеллектуалды әңгімелерді түсіне алатыныңды дәлелдеп, қоғамның өкілі екеніңді көрсететін едің.

1 month, 2 weeks ago

Қытайды Манчжурлар қалай жаулап алғаны жайлы тарихи подкаст тыңдап жүрмін. Қытай ғұн, моңғол, түркілердің шабуылынан шаршап, «Енді солтүстіктен бізді жабайылар басып алмасын» деп Ұлы қорғанын 3-4 ғасыр бойы құрады. Қаншама ақша, адам еңбегі жұмсалды дерсің.

Бірақ 17 ғасырда Манчжурлар келіп, Ұлы қорғанға жауапты генерал У Сангуй деген кісіден есік ашуын сұрайды. Антына адал қолбасшы «жоқ, қуасыңдар ма?» деп олардың айтқанын орындаудан бас тартады екен.

Сол кезде Манчжурлар «егер билік біздің қолға өте қалса, кез келген арманыңды орындаймыз. Тек осы қорғаннан өткізіп жіберсең болды» деп ұсыныс тастайды.

У Сангуй патша сарайында қызмет ететін бір сұлуға шатыры кетердей қатты ғашық екен. Бірақ, Пекинді тастап, айдаладағы солтүстік шекара жаққа кеткісі келмеген әлгі кәнизәк қыз генералдың бетін қағып, саған тұрмысқа шықпаймын депті. Яғни, she said no ғой. Махаббаттағы гештальті жабылмай қалған У Сангуй «мен сендерге қақпаны ашып беремін. Бірақ маған патша сарайындағы бір сұлу қызды әйелдікке бересіңдер» деп шарт қойыпты.

Манчжурлар «Окей, келістік» деп бірнеше күннің ішінде Қытайды толығымен басып алады.

4 ғасыр бойы құрылған, Ұлы қорған бірнеше жыл бұрын жауапсыз қалған махаббатың кесірінен құлап, бүкіл ел жаудың астынды қалды. «Көбелек эффектісі» деген осы шығар. Яғни, бір жерде болған оқиғаның кесірі мүлдем басқа жерге тиіп, арты үлкен қайғыға айналады.

Мораль: Қыздар, алдыңызға келген жігіттің бетін қақпай тұрып, бұл бала болашақта Ұлы Қытай қорғаны секілді ұлттық маңызы бар жобаларды басқаратын адам емес пе? Ертең мен үшін елін сатып жібермей ме деп ойланыңыздаршы, өтініш..

1 month, 3 weeks ago

Кеше мәжілісте орыс тілін қолдайтын, орыс тілін "халықаралық тіл ретінде ілгерілетуге" (пафосты сезіп отырсыздар ма?) қаражат бөлуді қолдайтын заң жобасы мақұлданды.

Орыс тілі - дүниедегі ең үлкен алты тілдің бірі, БҰҰ ресми тілдерінің бірі. Қазір әлемде орыс тілін әлдебір деңгейде білетін адамдар саны - 300 миллионның ар жақ бер жағы.

Ол қазақтардың қолдауына да, қаражатына да зәру емес. Тіпті бір күнде қазақтардың бәрі орысша сөйлемей қалса да қылшығы қисаймайды.

Ал қазақ тілі - бізден өзге ешкімге керегі жоқ, жиырма миллион қазақтың жартысы да білмейтін тіл. Оны өсіретін де, өшіретін де өзіміз.

Қазақ тілінің екі проблемасы бар ғой: бірі - жұрт қазақша сөйлемейтіні болса, екіншісі - сөйлейтіндердің өзі қате сөйлейтіні. Негізінен орысша жүйеге салып, орысша грамматикаға салып сөйлейтіні.

Қазақ тілі орысша грамматикаға бейімделіп, калькаға айналды деген сөз - тіл жоқ деген сөз.

Ендігі жауапкершілік - қазақша білетіндерде. Өзіміз, контент жасағанда тілімізді барынша таза ұстасақ, орысша грамматика конструкциясына салмасақ, тілді сақтауға қосқан үлесіміз сол болмақ.

Қазақ сөздерін орысша синтаксиске салып айтып, жазу - қазақ тілін құртуға сеп болғанға тең.

2 months ago

Әкемнің аты - Нұрлан. Ол менімен салыстырғанда мүлдем басқа ғасыр, тіпті өзге әлемнің адамы секілді. Мысалы, ол көліктің сапасын анықтау үшін компьютерлік диагностикаға жүгінбей, оның доңғалағын бір тепкімен байқайды. Үйге телевизор алса, оны бір-екі рет алды-артынан соғып көріп, өз бағасына қаншалықты лайық екенін тексереді.

Ол ешкімнен көмек сұраған емес. Тіпті, басқа қалада адасып қалса да, жергілікті тұрғындардан қай көше қайда екенін де сұрауға арланады. Әкемнің ақша үшін біреумен ерегіскенін көрмеппін. Тек принциптері үшін жаға жыртысқанына куә болдым. Ол өзің істей алатын жұмыс үшін біреуге ақша төлеу ақымақтың ісі деп есептейді. Өткен айда naimi.kz-тен сантехник шақырып, құбыр жөндегені үшін 21000 теңге төлегенімді білсе, мен үшін ұялғаннан жерге кіретін шығар.. (Кешір, пап!).

Мен не нәрсе сатып алсам да, ол «Саған қымбат сатыпты. Сені бала көрген ғой» дейді. Мен онсыз да әкеме өзім төлеген сомадан 30% аз айтып едім негізі..

Әкем таңертең сыртқа шығып, кешке дейін ешкімнің көмегінсіз гараж салып тастай алатын адам. Жалғыз өзі.

Мен осы 30 жасыма дейін өз қолыммен тек GTA IV ғана өткен шығармын. И то мұны тек ұятсыз читер болғаным үшін ғана жасай алдым.

2 months ago

Ірі компания мен кіші компаниядағы жұмыс арасындағы айырмашылық жер мен көктей немесе Құдайберген Бекіш пен Найнти Уанның репертуары сияқты бір-біріне мүлдем ұқсамайды.

Жусан секілді ірі корпорацияда 3 жылға жуық еңбек еткен адам ретінде мынаны түсіндім: Үлкен компанияда шешім қабылдаған кезде, оны жүзеге асыру ұзақ мерзімді перспективада қаншалықты қымбаттап кететінін есептеуді үйренесің.

Мысалы, сенің басыңа компания жұмысын дамытуға қатысты кезекті керемет идея келді делік. Жүрегің алып-ұшып, өзіңді Стив Джобс на минималках сезініп, осы идеямен бастығыңның алдына барасың (Сәлем, Жәнібек!). Шеф сәл сабырлы үнмен:
- Бұл, әрине өте күшті идея және керемет ұсыныс. Мұны жасау үшін шынымен де көп ақша керек емес, бірақ.. Қызықтың бәрі осы "бірақ" деген сөзден кейін басталады.

Ол бұл идеяны қолдану әзірге тиімсіз екенін ҚР Конституциясында жазылғандай нақты түсіндіріп береді. Себебі, сенің басыңа екінші жұмыс күніңде келген ғажап идея, саған дейін жұмыс істеген адамдардың ойына шамамен миллион жарым рет келген.

- Егер біз бұл идеяны жүзеге асырсақ, неге біз мұны кеше емес, тек бүгін ғана істей бастадық деген орынды сұрақ пайда болады және оған мен жауап беруіме тура келеді.

- Окей, - дейсіз сәл күрсініп..
- Одан бөлек, Біз А жұмысты істей отырып, неге Б, С және Д жұмысты атқармадық деген сұраққа жауабымыз дайын болуы қажет. Сосын неліктен біз А-дан бастадық, неге Б-дан бастамадық? А-дан бастауға бізді не итермеледі?

Осыдан кейін сіз бұл идеяны бастыққа айтқаныңызға сәл өкіне бастайсыз.

- Сосын, - деп бастығыңыз әңгімесін жалғастырады - қолымыздағы деректер екі аптадан кейін актуалдығын жоғалтады. Одан кейін кім бұл ақпаратты үнемі жаңартып отырады? Егер бұл жерде бір жоба басталса, ертең «ұнамады» деп жауып тастай алмаймыз. Үлкен корпорацияда бір нәрсе басталса, ол ақыретке дейін жалғасуы тиіс.

- Окей, - деп айтасыз, бірақ сіздің "окей" дегеніңіз енді "ох, елки-палки" дегенге көбірек ұқсайды.

- Біз осы жобаны бастаған кезде сырттан көмектесетін контрагент компания керек болады. Біз неге именно осы контрагентпен жұмыс істегіміз келді? Бұлардың басқадан қандай артықшылығы бар? Олардың мықты екенін біз қалай түсіндік? Сен не жылап отырсың ба?, - дейді бастығыңыз..

- Жоқ, - дейсіз сіз - жай көзіме кондиционердің суығы тиіп жатыр,- деп ақталасыз.

- Оған қоса, бұл үшін бүкіл приложениенің дизайнын қайта өзгерту керек болады. Ал ол тағы екі айдың жұмысы.

- Эээ,- дейсіз.

Егер сіз сөз түсінбейтін топас болсаңыз, бастығыңыз "Опшым, бұл жобаны әзірге қоя тұр" деп соңында тікелей бетке айтады.

Мемлекеттік жүйені іштен өзгертемін деп Астанаға көшіп барған талай жас маман осындай бюрократиялық кедергілерге ұрына беріп, ақыры сол жүйенің белді мүшесіне айналып шығады. «Жаңа Қазақстан» деген күшті бастама неліктен жүзеге аспай, мемге айналып кеткенін енді түсінген шығарсыз..

We recommend to visit

Қарақалпақстанда ҳәм Өзбекстанда жүз берип атырған жаңалықларды турақлы түрде @KARAKALPAK24 телеграм каналы арқалы бақлап барың.

📬 Мүрәжат жоллаў: @kk24bot

📊 Реклама: @kk24_reklama

Last updated 4 weeks ago

"Қазақша кітаптар" телеграм арнасы, қазақ және әлем авторлардың кітаптары, сандық нұсқада, тегін.

Жарнама мен Ұсыныстар: @Marat_Kaisarov

Last updated 1 year, 1 month ago

Last updated 1 month, 1 week ago