Хадистер

Description
Бұл каналда күнделікті жүзеге асырып жүруге қолайлы қысқа мәтінді хадистер түсіндірмесімен және жүзеге асыру жолдарымен қоса беріледі.
Хадистерді Дастан Құрманбаев ұстаз аударып, түсіндіреді.
Advertising
We recommend to visit

Last updated 1 week, 1 day ago

Официальный Telegram-канал Министерства науки и высшего образования РК

Last updated 1 week, 2 days ago

ҰЗТАЗ ЕРЛАН АҚАТАЕВ....
✅Құран тәпсірі: @kuran_mugzhiza_tapsir

✅Сира дәріс: @erlan_akataev_sira

Last updated 1 week ago

6 months, 2 weeks ago

Хадис: “Мунафиқтің белгісі үшеу: сөйлесе өтірік айтады, сөз берсе орындамайды, аманат тапсырылса қиянат жасайды”. (Бухари, Муслим)

Түсіндірме: “Мунафиқ” деген өзін мұсылман етіп көрсетіп жүрген кәпір адам. Яғни, екіжүзді. Бұл хадис солардың үш белгісінен хабар беріп жатыр. Кім өтірік айта беретін болса, уәдесінде тұрмау мен аманатқа қиянат жасауды әдетке айналдырған болса, бейне бір оның иманында күмән бардай. Яғни, оны шынайы мұсылманға жатқызу қиынға соғады.

Жүзеге асыру: Жоғарыда аталған жаман әдеттерді жаттап алып, оны істесем екіжүзді болғаным деп есептеп, барынша аулақ жүруге тырысу — осы хадисті жүзеге асыру болады.

7 months ago

Хадис: Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ): “Адамның өз әке-шешесін боқтауы — үлкен күнәлардың бірі”, — деп айтады. Сонда сахабалар: “Ей, Алланың елшісі, адам өзінің әке-шешесін боқтаушы ма еді?”, — деп сұрайды. Пайғамбарымыз ‎ﷺ оларға: “Иә. Біреуді әкесінен боқтайды. Сосын ол да бұны әкесінен боқтайды. Сосын шешесінен боқтайды, сосын ол да бұны шешесінен боқтайды”, — деп жауап береді. (Муслим)

Түсіндірме: Біреуді әке-шешесінен боқтаған адам, біріншіден кісі ақысына (арына, намысына) қол сұғып бір күнәға қалса, оны да да боқтауға итермелеп өзінің де әке-шешесінің боқталуына себеп болып тағы күнәға қалады.

Жүзеге асыру: Сахабалар айтады: “Пайғамбарымыз ‎ﷺ арабтар боғауыз деп санайтын сөздерді айтпайтын болған”, — дейді. Сондықтан, біреуді әке-шешеден болсын, басқасынан болсын, жансыз заттарды болсын, тіпті ешкімге де, ештеңеге де қаратпай ауаға болсын мүлдем бағауыз сөздерді айтушы болма. Бұл Пайғамбарыңның ‎ﷺ жолы емес, шайтанның жолы.

7 months, 3 weeks ago

Хадис: Ибн Сария әс-Суләми деген сахаба айтады (Алла разы болсын): “Пайғамбарымыздың ‎ﷺ: “Шынымен адам өзінің әйеліне су ішкізсе сауап алады”, — деп айтып жатқанын естідім де, үйге барып әйеліме су бердім. Сосын осы хадисті айтып бердім”. (Муснад)

Түсіндірме: Бұл хадистен сахабалардың хадисті жүзеге асыруға және оны отбасына айтып беруге қалай асығатынын байқауға болады.

Жүзеге асыру: Сен де әйеліңе мына тұрған ас үйден су әкеп беріп сауап алсаң болады. Көшеге шығып құдықтан су тартып жатқан жоқсың ) Сол сияқты киімін кигізіп, сөмкесін ұстатып, көліктің есігін ашып беріп деген сияқты нәрселер еркектігіңе сын емес. Біріншіден сүннет, екіншіден сауап, үшіншіден араларыңдағы сүйіспеншілікті арттыратын майда-шұйда істер 🫰🏻

7 months, 3 weeks ago

Хадис: “Бір түйір нәрсе жесе де артынша “Әлхамдулиллә” деп айтатын, бір жұтым су ішсе де артынша “Әлхамдулиллә” деп айтатын құлына Алла Тағала риза болады”. (Муслим)

Түсіндірме: Ішіп-жеудің алдында “Бисмиллә” деп айтудың сүннет екенін барлығымыз білеміз. Бірақ болғаннан кейін “Әлхамдулиллә” деп айтудың да сүннет екенін көбіміз біле бермейміз. Бұл жердегі “Бисмиллә” — “я, Алла, берген ризығыңды жеуге күш-қуат бер, оны бойыма дарытып, зиянынан сақта” деген мағына берсе “Әлхамдулиллә” — “я, Алла, осы ризықты маған нәсіп еткеніңе, оны жеуге мүмкіндік бергеніңе шүкір” деген мағынаны білдіреді.

Жүзеге асыру: Тек осы сүннетті ұмытпа. Болды )

7 months, 3 weeks ago

Хадис: “Фитналар басталмай тұрып құлшылық (игі істер, жақсылықтар) істеп қалыңдар”. (Муслим)

Түсіндірме: Бұл жердегі “фитна” деген — иманыңа, дініңе, құлшылық етуіңе кедергі болатын істер, жайттар. Ол сенің жеке басыңа, қоғамға немесе жаппай адамзатқа келуі мүмкін. Ендеше қазір қолыңнан келіп, жағдайың жетіп тұрған қандай құлшылық бар, соны істеп қалуға асық!

Жүзеге асыру: Өз-өзіңе “Қазір жаспын. Қартайсам нені істемедім деп өкінер едім?”, “Қазір саумын. Ауырып қалсам нені істемедім деп өкінер едім?”, “Қазір баймын. Кедей болып қалсам нені істемедім деп өкінер едім?”, “Қазір тірімін. Өліп қалсам нені істемедім деп өкінер едім?” деген сияқты сұрақтарды қойып көр…

7 months, 3 weeks ago

Хадис: “Пайғамбар ﷺ ешқашан асқа тіл тигізген емес. Тәбеті тартып тұрса жейтін, тартпаса жемейтін”. (Бухари, Муслим)

Түсіндірме: Мысалы, белгілі бір ас, тамақ түрін халал болса да Пайғамбарымыз ﷺ жақтырмауы мүмкін. Ондайда ол ﷺ “бұл маған ұнамайды” деп айтпастан немесе “өйткені ол осындай да, осындай” деп оны жамандамастан үндемей ғана қоя салады. Өйткені олай деп айту оны жеп отқан адамдардың тәбетін қашыруы мүмкін, қашырмаса да олардың таңдауына, талғамына деген құрметсіздік болады.

Жүзеге асыру: Сондықтан, мысалы балық жемейтін болсаң “фу” немесе “кәпір! Осыны қалай жейсіңдер?” деген сияқты оған қатысты жағымсыз сөздерді айтпа. Үндемей қоя сал. Ал егер қоярда-қоймай аузыңа тығып жатса, онда жай ғана “мен балық жемейтін едім” деп айт )

7 months, 3 weeks ago

Хадис: “Мүмін бір шаққан інге екінші рет шаққызбайды”. (Бухари, Муслим)

Түсіндірме: Бір істеген қателігін екінші рет істемейді деген сөз. Мысалы, бір жерде сүрініп құласа, екінші рет ол жерді айналып өтуі керек. Өйткені, екінші рет немесе қайта-қайта сол жерге сүріну — ақымақтықтың белгісі. Бұл жерде Пайғамбарымыз ﷺ нағыз мүмін жіберген қателерінен сабақ алуы керегін айтып жатыр. Шыны керек, көбісі бір қателікті қайта-қайта істеп “өй, осыны ұмытып кете бердім ғой!” деп жатады. Бұл оның “қатемен жұмыс” істемейтінін көрсетеді.

Жүзеге асыру: “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ” демекші, қателеспейтін адам болмайды. Пенде болғасын солай. Ол айып емес. Айып — қатемен жұмыс істемеу, “неге олай болды?”, “ендігіде олай болмау үшін не істеуім керек?” деп бас қатырмау. Сондықтан ойша болсын, жазбаша болсын, әйтеуір қатемен жұмыс істеу керек. Әйтпесе мұсылманға жат қылық көрсетуіңді қоймайсың…

7 months, 3 weeks ago

Хадис: “Муфарридтер озды!” Сахабалар: “Муфарридтер деген кім?”, — деп сұрады. Пайғамбарымыз ‎ﷺ: “Алланы көп зікір ететін ерлер мен әйелдер”, — деп жауап берді.
Түсіндірме: Пайғамбарымыздан ‎ﷺ қалған таңғы, кешкі және әртүрлі уақытта айтылатын зікірлер бар. Мысалы, таңертең және кешке “Родыйту билләһи роббән уа биль исләми динән уа би мухаммадин нәбийән уа росулән” деп үш рет айтса қиямет күні Алла Тағала оны міндетті түрде риза қылады деген хадис бар.

Жүзеге асыру: Осындай күнделікті айтатын зікірлерді көп айтып жүр. Сөйтіп бәрінен озып жәннатқа бірінші болып кіріп кет )

7 months, 4 weeks ago

Хадис: “Расында Алла Тағала істі тиянақты істейтіндерді жақсы көреді”. (Байхақи)

Түсіндірме: Бұл хадис мүміннің болмыс-бітімін толықтай бейнелейді. Яғни, мүмін деген — таза киінетін, ұқыпты жүретін, әрбір ісін тиянақты істейтін, адамдардың барлығы сүйсініп қарайтын адам!

Жүзеге асыру: Әрбір сөзіңе мән бер. “Өй, әшейін айта салдым” деме. Білетініңді айт, білмейтініңді айтпа. Ойланып, саралап, саптап сөйле. (Жазуыңды да сөйт) “Әшейін іле салдым, сүйрете салдым” деме. Адамдардың алдына таза, ұқыпты киініп шық. Сақал-мұртыңды, шашыңды жинақы ұста. Не істесең де, тиянақты істе. Мейлі ол сен жақсы көрмейтін жұмыс, тек әшейін күн көріс көзі болса да, тіпті сені ешкім тексермейтін болса да… Әрбір ісіңді Алла Тағаланың Өзі бақылап тұрғанын және Ол әрбір ісін тиянақты істейтіндерді жақсы көретінін ұмытпа! Бір жағынан, бұл сенің өмір сүру образыңды, өмірге деген көзқарасыңды қалыптастырады. Үлкен жетістіктер кішкентай істерден басталады!

7 months, 4 weeks ago

Хадис: “Кім түнде “Бақара” сүресінің соңғы екі аятын оқыса, сол оған жеткілікті болады”. (Бухари)

Түсіндірме: Бұл жердегі “жеткілікті болады” деген сөзді хадис ғалымдары әртүрлі түсіндірген. Соның бірқатарын келтіретін болсақ төмендегідей:
— Түнгі намаздың орнына жарайды;
— Намазда да, намаздан тыс та оқылатын Құранның орнына жүреді;
— Барлық жамандықтан қорғайды;
— Шайтанның кесірінен сақтайды;
— Адам мен жынның жамандығынан алыстатады;
— Соның сауабы да жеткілікті болады;

Жүзеге асыру: Қысқасы “жеткілікті болатын” бір іс керек болып жүрсе, осыны әдетке айналдырып ал )

*📚 Ибн Хажар. Фатх әл-Бари. 15/113*

We recommend to visit

Last updated 1 week, 1 day ago

Официальный Telegram-канал Министерства науки и высшего образования РК

Last updated 1 week, 2 days ago

ҰЗТАЗ ЕРЛАН АҚАТАЕВ....
✅Құран тәпсірі: @kuran_mugzhiza_tapsir

✅Сира дәріс: @erlan_akataev_sira

Last updated 1 week ago