Аспан шетіндегі кездесу

Description
Роза Аспанқызы
Advertising
We recommend to visit

Қаракесек фан канал ; )

Админ: @KZmenenger

Құран арқылы Әлемді таны?

Ұстаз Ерлан Ақатаев уағыздар жинағы.

2 months ago

Мазасыздық

Әсілінде, мені де өте көп дүние мазалайды деп ойладым бүгін.
мені мазалаған дүниелердің бәрімен іштей арпалысатынымды да ойладым.
Бірақ мен тәңертең жұмысқа баруым керек, түсте тамақтануым (бір сағатқа шақтап) және
кешкі алтыға дейін әлдекімнің оқуы, оқыса да түсінуі күмәнді мәтіндерді жазумен айналысуым керек.

Өзім он жылдан бері өмір сүретін қаланың кезекті кешкі кептелісімен үйге қайтамын,
пәтерде: бірі «кіл әлем мейірімнен тұратынына иланатын»,
бірі «ата-анасы үйреткен қатаң қағидалармен өмір сүретін»,
тағы бірі «қанбаған ұйқысы үшін күллі ғаламды әділетсіз санайтын» үш бауырым күтеді мені.

Төрт көзіміз түгел үлкен-үлкен, ауыр-ауыр әңгімелер айтамыз кішкентай асүйімізде
«Құдайдың бар жоғына дәлел іздеген», «құдайға көзсіз сенетін», «құдайын, әлде дінін тапқан» үш бауырымның контрастты ойлары толғандырады мені.
Әлбетте, үйдің үлкені ретінде әңгіменің нүктесін өзім қоямын, өзім айтып отырған дүниенің біріне сенбей.
«Барлығын адам өзінен бастауы керек» деймін, өзімнен нені бастағанымды есіме түсіре алмай.

Осыдан он жыл бұрынғы өзімді көремін олардан, осыдан он жыл кейінгі өздерін көргенін қаламаймын менен.
Оларды да Қазақстанның, адамзаттың болашағы аса алаңдаты және ертең тәңертең не киетіндері де.
Сонымен қатар NOMAD-тың кезекті шайқасының нәтижесі,
Мұрат Әбділдәнің түрмеден шығуы,
«Work and Travel»-ге жинақтайтын құжаттар және
функционалды сауаттылық пәні де алаңдатады оларды.

Олар маған сондай еркін көрінеді, еркін екендеріне және еркін ойлайтындарына сенгім-ақ келеді менің.
Олар теледидар қарамайды, жаңалық тыңдамайды, газет оқымайды және кітап та.
Ешбір идеологияға байламайды өздерін, ештеңе үшін құрбан болғысы келмейді.
Дауыстарын қатты шығарып қана әділдікке жетем деп ойламайды және Қазақстанды да аса жақсы көрмейді олар.

Әсілінде, мені өте көп дүние мазалайды...

2 months ago

Аударма: «Ұстаздардың ұстазы», Хәзіреті Мәулана Жалолиддин РУМИДЕН

● ● ●
Адамның кім екенін білгің келсе, оның кімдерді сүйетініне қара
● ● ●
Иесінің құрметіне құлын ренжітпе, көңіл.
● ● ●
Ей дос, дертің не болса болсын,
Үмітің Құдай болсын.
● ● ●
Барлық жақсылықтар сабырдан кейін келеді.
● ● ●
Кейде таусылмаған дерттер жаңбыр болып жауады үстіңе.
Сонан соң ғана шығады кемпірқосақ.
● ● ●
Әр нәрсеге жаныңды жеме, ей көңіл,
Не бұл дерттер мәңгі емес, не бұл өмір.
● ● ●
Біздің дәргейіміз үмітсіздік дәргейі емес.
Жүз рет тәубеңді бұзсаң да бізге кел.
● ● ●
...көңіл дауысын көңіл ғана есітеді.
● ● ●
...адам тек сүйгендерімен сыналады.
● ● ●
Тілдер үнсіз қалса,
Жарасы терең...
Жара терең болса, Құдайы жомарт.
● ● ●
Шәмси Мәуланаға
Құпияларды аша бастағанда
Мәулана оны тыңдау үшін,
бүкіл өмірінен, малынан,
Тіпті мүлкінен де бас тартты.
«Әр шешім – бір бас тартумен тең».
● ● ●
Құдықтағы бақалар
Аспанды құдықтың аузындай деп ойлайды.
● ● ●
Сабыр
Құдды бір жіп сынды
Сен үзіледі деп ойлайсың
Ол мықтырақ бола түседі.
Сен таусылды деп ойлайсың
Ол көбейе береді...
● ● ●
Маған жаныңның үйінен жасырын дұға жібер...
Хәліме айналсын, жарлығым болсын, дертіме ем болсын.
● ● ●
Жүрек көзімен көретін адамды алдай алмайсың.
● ● ●
Дүние саған адал болмайды,
сені тастап кетеді
оған көңіл берме

Ол сенен бас тартпай тұрып
Сен одан бас тартуың керек.
● ● ●
Досым, сен Ойдан басқа ештеңе емессің.
Ол болмаса ет пен сүйексің.
Гүлді ойласаң, гүлге айналарсың,
Тікенді ойласаң, тікен боларсың.
● ● ●
Егер сен махаббаттың не екенін білмесең
Түндерден сұра...
Сарғайған жүздерден сұра...
Мына құрғақ еріндерден сұра...
● ● ●
Махаббатқа ұшпасаң, қанатың не керек...
● ● ●
Шәмси – бір сұрақ, Мәулана– бір жауап болды.

2 months, 2 weeks ago

Жалғызға - жүректер өлі,
Жалғызға - жылаған ауыр…

4 months, 3 weeks ago

Тыныштық

«Қате қойылған сауалға дұрыс жауап беріп болмайды»

мен қазір тыныштықтан да тынышпын.
Ұзақ жүріп келдім бұл тыныштыққа.
Ұзақ шудан кейін келдім бұл тыныштыққа.
Жапырақтары қалмаған күздегі ағаштай тынышпын.
Қыста атқан бүршіктей тыныш.
Ана құшағындағы сәбидің ұйқысындай,
Ауыр дерттен көз жұмған адамның қабіріндей,
Жаздағы теңіз суындай тынышпын.

Басын мәңгі қар шалған таулардай,
Ауылдағы үйдің шырақ сөніп қалған кешіндей,
Ұзақ сапардан қатты қажып оралған адамның хәліндей
Қабырғаға ілініп тоқтап қалған сағаттай немесе
сол қабырғадағы ата мен әженің суретіндей тыныш.

Атам өмірден өткендегі әжемнің үнсіздігіндей
Төр бөлмедегі анамның көне сандығындай,
Баламның киілмеген көркем киіміндей,
Отанның ұмыт болған құрбандарындай
және
Өртенген үйдің қаңқасындай тынышпын...

«Барлығы үшін өзіңді кешіріп үйрен…»

5 months ago

Аударма: Модерн иран әдебиетінің әкесі, ақын, жазушы, талғампаз тәржіман АХМАД ШАМЛУДАН

Жап-жарық көкжиек

бір күні
біз көгершіндерімізді қайтадан табамыз.
мейірімділік сұлулықты қорғайтын болады.
сол күні
біз ұмытқан әндердің қайырмасындай
алғашқы сүйісімізді еске аламыз.

сол күні адамдардың бәрі бір-біріне бауыр болады
және үйдің есіктерін құлыптау қажеттігі жойылады.
құлып біткен – аңызға айналады сол күні.
ал өмір сүру үшін
жүректің өзі жеткілікті болады.

әрбір сөз тіркесінің мағынасы «махаббат» болатын күні,
ешкім
өмірінің соңғы нүктесіне дейін
жалғыз ауыз сөзді күтіп ғұмыр кешпейді.
сол күні
әрбір әріп «өмір» сияқты естіледі және
өлеңнің әр тармағын жазып отырып
талғампаз ұйқас іздеп қиналмаймын мен.

еріннен төгілген әр сөз
әнге айналады
ұмытылған әндердің қайырмасындай әнге.
сол күні сен келесің
мәңгіге келесің маған.
және сұлулықпен
мейірім төгіледі сенен.

сол күні
көгершіндеріміз үшін
дән шашатын боламыз қайтадан.
мен сол күнді
қалай зарығып күтетінімді білсең ғой.
тіпті сол күні
мен болмасам да, мейлі.

5 months ago

«МҰҢДЫ ҚУЫРШАҚ» топтамасы

(Жалғасы)

Көзімді ашқаным жаңа
Кенеттен бойымды түсініксіз сезім биледі.
Газет бетінде: «Қарт кісі
өз үйінен қашып кеткен...»
Дәл менің әкем сынды! Еріксіз жас төгілді.

Шамамен, бес жыл бұрын
Көріппін
Шексіз аспанды.
Солай бола ма
Онсыз өмір сүруге бола ма?

Сол бір кездерде
Мен көп өтірік айтатынмын.
Дым ұялмай айтатынмын өтірікті.
Есіме алсам
Терлеп кетемін.

Күтпеген жерден
Адамдар келеді маған
Қолымды алады.
Және күтпеген жерден
Адамдар кетеді менен.

«Бұл менің тағдырым
Ол келді.
Осылай маған ауыртпалық түсті»,
деп ойладым түн ортасында оянып,
Көрпем мені қысып барады екен!

Бәлкім, жолдастарым мен әйеліме
Менің тоқтамай
ауру хәлімде
Революция туралы сөйлеп отырғаным
Аянышты көрінген болар.

Әкеңе ұқсаушы болма!
Әкеңнің әкесіне де ұқсама тіпті!
Менің сенен не сұрап тұрғанымды
Ұғып тұрсың ба,
Қызым?

Қызымның жасы
Небәрі бесте.
Бірақ ол қазірдің өзінде
Өте жақсы біледі
«Революция» мен «Жұмысшы» сөздерін.

Қызыма айғайлап ұрыстым.
Көзі жасқа толып,
Аузы ашылып
Ұйықтап кетті.
Маңдайынан үнсіз сипадым.

Жастығым мен көрпемді
Аулаға алып шығып берді.
Ұзақ айырылысудан соң
Біз тағы да кездестік,
О, кешкі аспан!

8 months, 3 weeks ago

АУДАРМА: “Годоны күтетін”, “Огайо экспромтын жазатын” , “Жалғыз күнә - туған күнә” дей алатын сэр СЭМЮЭЛ БЕККЕТТЕН.

Кішкентай ТҮС

таусылып баста
дәл осы әдемі қалпыңда
бұрын-соңды таусылмағандай
маңызды емес не айтылса да
қайда болса да
қашан болса да

ҚАЛАМҰШ

Найзағай ойнады тауда
Ақырзаман деп ойладық біздер
Шыңырауда тұрған
алып тастар
Қаламұшқа келіп тоқтады

Бұрын ешқашан бармаған жерге бар
Әдеттегіден ерте емес
Қайда болса да бұрын бармаған жерге
Әдеттегіден ерте емес

АВТОБУС

Жылы автобус
Жаңбырлы жолда кетіп барады
Құмырсқалардан қорғанып ақталған
ағаштар арасынан өтіп барады
Жаздың аяқталғаны жайлы
Цой хабарлады
Алмалар төгілді автобус жолына

ОЛАЙ ЕМЕС

Мен өзім тұрған кеңістікті жақсы білемін
Оның өлшемдерін білемін
Мен білемін
жылдың түрлі мезгілдерінде
оның неге ұқсайтынын
Ол да мен туралы жақсы білетін сынды еді
Кенеттен түсіндім
Олай емес екенін

ЭХО

Дем шығару
Дем алу

МАЗАСЫЗДЫҚ

Көл жағалауына дейін -
жүз қырық миль
екі ит жолға шықты
жаңбырды күтіп алайын деп

ҚАЙШЫ

Оның есімі Барт
Ол он тоғыз жасында
«Соғыс пен бейбітшілікті» қайтара оқыды
және не туралы екенін түсінді
екі жылдан бері кофе ішпейді
құлағына бірде-бір рет су кірген емес
ол жұмыс кезінде үнемі ақ көйлек киеді
қайшыны ашады
секундтың оннан екі бөлігінде
180 градусқа айналдырады
(Оның сағаты бар)
мұны қайталап көруші болма

БАЯУ РАУШАН

Күлтеріне жеткен
әрбір зиян үшін -
Олар маған айтты:
дәл жүректің бүршігі сынды
жаралымыз деп

Ол жүрек қайда?
айталық осында
бірақ оның түсін
ешкім білмейді

МІНСІЗДІК

үш есім тізбегіне
мінсіздік жасырынған
Бірі -
қасірет сыйлаушы
Бірі -
Қас дұшпан
үшіншісін естімей тұрып
барлығы «иә» деп жауап берді

10 months, 2 weeks ago

«Менің себебім - сенсің»

Ең аяулыға…

Аяғыма балғамен ұрған сайын,
сенің атыңды қайталай беріппін.
Олар көбірек ұрды аяғыма,
Мен қуандым. Себебі:
сенің атыңды көбірек тілге алдым.

10 months, 2 weeks ago

Аударма: сүйікті УИЛЬЯМ БАТЛЕР ЙЕЙТСТЕН.

СЕН БЕРГЕН АНТЫҢДА ТҰРМАҒАН КЕЗДЕ

Сен берген антыңда тұрмаған кезде
Мен өзіме өзге құрбылар таптым.
Бірақ зұлымдық мені шағып қорқытса,
Бірақ ұйқы өзінің тәтті шеңберін жапса,
Бірақ тағы да қарғыс атқан шарапты ішсем, -
Мен тек сенің жүзіңді көрдім.

ИННИСФРИ КӨЛДІ АРАЛЫ

Бір күні оянып, Иннисфри аралына қарай жолға шығамын
Қызыл балшық пен жүзім ағашынан үй тұрғызып, үстел жасаймын.
Атбас бұршақтар отырғызамын аулама үш қатарлы етіп
Сосын жалғыз ғұмыр кешемін, бал араларына құлағым тосып.

Сонда маған тыныштығым келеді, боз жаңбыр секілді баяу
Таң шымылдығын көтере бере көл бетін билетіп тұрар.
Ол жақтың түсі – күлгін, түн жарымы – күмістей бояу
Кешкісін алқызыл торғайы әніне салар.

Оянған сәтте, мені шақырған сапарға аттанамын онда
Күндіз де, түнде де шалғайдағы жағаларда тыныштық мүлгір.
Көшелердің сұр тасында, батпақтар арасындағы жолда -
Жүрегім түбінен естимін өзіне шақырған сапардың үнін.

ЖҮРЕК, САРАҢ БОЛ

Сараң бол, жүрек, ғашықтықта:
Әр кезіккен әйел қайран қылады.
Мәңгілік жылуыңның көзін ашқасын,
Бар байлығыңды күлкіге айналдырады.

Олардың әр сүйісі суытады сені
Сұлылығы өртер, білемін,
Сосын барлығы түтіндей таралып кетер,
Сараң бол дәйім, жүрегім.

Барлық әдемі еріндер өтірік айтады,
Махаббат ойыны осындай, көресің:
Соқыр, саңырау болғандар жеңілуі хақ,
Ал жомарттық – ол сенің қасіретің,
Өлесің, жүрек, өлесің.

БАСҚА ТРОЯ ЖОҚ

Кек алуға құштарланып, жан дүниемді жаншып бара жатқан
Мына бір адамымды қалай кіналаймын
Ол ессіздерді соғыс алаңына шақырады,
Ал мен оған үнсіздігіммен ұнамаймын, -
Батылдық ашудан әлсіз болмас па еді?..

Тәкаппар рухы жалындап тұрып,
Дәл ол сынды бір сәт тыныштықты не бере алады?
Көзқарасы жебедей жаныңа кіріп,
Тек сол ғана ғасырлық қуатыңнан айыра алады.

Осы бір салтанатты, жалынды сұлулығымен
Бір сәтте бәрін жояр, қайран қаламын,
Оның жолында өртеп жіберу үшін
Екінші Трояны қайдан табайын?

11 months, 3 weeks ago

«Әрбір өлең – заттанған уақыт...»

(Соломон Волков. «Бродскиймен сұхбат. – М: Независимая газета, 1998.)

«Жартылай готик немесе готикаға ұқсас Рим терезелері кеш батқан соң бөлме ішінен шырақ жанғанда жартылай теңгемен көмкерілген балықтарға ұқсайды...» дейді осы бір сұхбатында Бродский. Бұл готиканы талдау да емес, әлде жаңа бір образды ұқсату да емес. Бұл, жәй ғана Бродскийдің көздеріндегі әлемнің кескіні. Цветаеваны ХХ ғасырдың ең ұлы ақыны деп атаған Бродский оған құдайдың сезімталдығы мен түрлі-түсті түстерді жарата алатын қасиеті жұққан дейді. Негізі, Бродскийге олар көбірек жұққан сынды көрінеді маған. Ал бізде осы бір сезімталдық пен қасиеттің ұшқыны бар ма екен деп ойландым, Элиот пен Бахтин жайлы жазып отырып...

«Тұтас, біртекті ұлттық мәдениет, Элиот көрсеткендей, алыпсатарлық ұғымнан басқа ештеңе емес» болса ше, мысалы?

We recommend to visit

Қаракесек фан канал ; )

Админ: @KZmenenger

Құран арқылы Әлемді таны?

Ұстаз Ерлан Ақатаев уағыздар жинағы.