Yerlan Ospan

Description
Advertising
We recommend to visit

Қаракесек фан канал ; )

Админ: @KZmenenger

Құран арқылы Әлемді таны?

Ұстаз Ерлан Ақатаев уағыздар жинағы.

3 years, 9 months ago

#ЕркекӨсек #Пси

Қат сарымайды нанға өкіртіп жағып, үстіне құмшекер сеуіп жегенде:

- Бүйтіп қалың жағатын болсаң, сарымай ертең таусылады. Сосын не жейсің? - дейтін үлкендер.

Иә, үлгі аларлық бөтеннің балалары болатын. Мейлінше жұқа жағу үшін шай ішерден бір сағат бұрын тоңазытқыштан шығарып, жібітіп қоятын. Сосын нанның бетіне пышақтың қырымен жапсырып тұрып жаққанда, дәмі бола ма мынадан деп ойлайсың. Оның үстіне, "ертең өліп қалсаң ше, қолдан кеп тұрғанда асап-асап қал!" дейтін базына да болды басқа жағынан ("жас күніңде ойна да күл, ей!")...

Жігерді де солай үнемдеу керек пе еді? Соңғы кездері қайрат-жігерді де әу баста бір берілетін және тек азая беретін нәрсе ме деп ойлап жүрмін. Досқалиев министр кезінде айтып еді, "денсаулыққа денсаулық қосуға болмайды, ол тек азая беретін дүние. Амалы - тек үнемдеу" деп. Рухани жігер де солай сияқты маған, ендеше. Сосын ба, өз өзімді қайрап қайта жалындау лимитін - сансыз емтихандарда, сауда-саттықпен жүргенде, пойыздардың тамбурында, әйтеуір, ірілі-ұсақты сәтсіздіктер кезінде сарқып тастаған тәріздімін. Оның үстіне, "өлмегенге өлі балық..." сияқты мотивациялық шытпақтарға бой алдырмайтын құрыған адаммын.
Енді үнемдеу керек-ау. Ендігәрі көрінген іске делебем қозып далақтап шыға келмен. Тек тұратын іске ғана.
Тәмам...

3 years, 10 months ago

#БокалдайОй

Өзен-көл бір тартылып, бір тасып тұрады. Далалықта қанша жылға-жыраларды, қазандықтарды көреміз. Бағзыда арқыраған өзен болғанын, толқыны таудай теңіз болғанын аңғарамыз. Әйтпесе, Борсық құмның ішіне айқұлақ қайдан келеді, мисалы.

Лев Гумилев бірнеше еңбегінде, тарихшылар халықтардың тағдыры туралы жазғанда, табиғатты ұмытып кете беретінін атап өткен. Кеше егін бітік шығып, мал екеш малға дейін жем таңдайтын заман болды, халықтың аузынан ақ май ақты. Кейін қуаңшылық тұрып, ел қаңғып кетті. Ал мұны былайғы тарихшы "ана ханның ақымақтығынан", "мына қолбасшының данышпандығынан" дей салар еді.

Осы ретте, қазақ жеріндегі өзен-көлдердің қазіргі тартылу үрдісіне бір де бір ғылыми пайым шықпады. Ана жақта плотина бар, мына жақта контррегулятор бар, ал адам баласы ашкөз - түсіндірме осымен тәмам. Соның ізімен экопопулизм етек алды. Таза ауа үшін жан пида. Айтпақшы, таза оттегіден өкпе әлдеқашан күйіп кететінін солардың көбі білмейді. Мұнайдың науасын тоқтатып, көмір шахтыны опырып түсіріп, біржола жапсақ дейді. "Жасыл энергия" деген тағы бар, рас, сол электрмен жүретін мәшіндерді зарядтауға электрді қалай экологиялық таза өндіруге болатыны әлі даулы мәселе.

Кеше біраз қытайлық үсіп өліп қала жаздады. Австралиямен ұрысып қалып еді, ол жақтан арнайы көмір келмей қалыпты. Қарап тұрсаң, иә, күн аккумуляторымен, желдиірмен генераторымен жарты әлемді қамтып отырған ел.

Мұнаймен, көмірмен қоштасу әлі ерте. Ең болмаса, бардан айырылуды армандамасақ.

[Көріскенше, спикер әлі ТЭЦ-терді боқтап жатыр, шыдай алмай шығып барам]

3 years, 10 months ago
Yerlan Ospan
3 years, 11 months ago

Әй, мен жаман адамның қасында жүрмеймін ғой дегім келеді.
Әй, мен жаман адамның қасына бармаймын ғой дей салғым келеді. Біреулер біреудің кісілігін сұрағанда.

Өзімше, осы сөздер бәрін де жеткізеді ғой деп ойлайтыным бар. Тізіп айтсам да болар еді, алайда қасаңдау жерде өстік пе - кісі қадірін көзге айтуды үйренбеппін.

Сондықтан, мен "жақсы" дегеннің жақсы екеніне сене сал. Болмаса жөнеле бер. Біреуді қалыптасқан көзқарасынан айныту үшін жаралмаған болармын әйтеуір?

А?

3 years, 11 months ago

"Оңтүстіктегі халықты солтүстікке көшіру керек!".

Осыны айтқан кезде өздеріңді бір сәт саяси қайраткер, кемеңгер сезініп қаласыңдар ма? Әлде, "инфльюенсерлер мен опинион лидерлер бізге тағы қандай маңызды тапсырма береді екен?" деп, буынып-түйініп отырған оңтүстік қазағы елестей ме? Кілең туабітті стратег әйтеуір, ойпырым-ай.

  1. Наполеонның неменеге беделді болғанын білесің бе? Себебі ол өз жоспарларын жүзеге асыруға өзі қол бастады. Алдыңғы шепте жүрді. Ендеше анадай ақыл айтқан екенсің, үй-жайыңды тастап, бірінші өзің сол жаққа көш. Үлгі көрсет. "Мен осында қажетпін" десең - кешір, оңтүстік тұрғыны да өзін туған жеріне керекпін деп есептейді.

  2. "Солтүстік" деп өзеурейсіңдер, бірақ астық сату науқанында вагондарды тығып қоясыңдар. Ал Ресейлік ЖОО-лар түлектерді тегін оқумен шаңсорғыш сияқты жұтып жатыр. Шекаралас аймақтарды қойып, оңтүстіктің өзінен дым қоймайды қазірде.

Ендеше, басы қазан стратег екенсің, алдымен өзің тактика алаңына түс. Астанадағы үй-жайыңды тастап, күртік қарды омбылап барып, қазық қақ. Басқасы сылтау ғана. Не айтсаң ла сылтау. Мұндайда ең болмаса үндемей қалу деген салт болған қазақта.

3 years, 11 months ago

#Еркекөсек

ҚОШҚАРДЫҢ ӨЛЕҢШЫҚПАС ЕСКЕРТКІШІ

Нақты мекенін айтсам, ағайын ренжіп қалар. Ал адрессіз айтсам, Борсық құмның о жақ-бұ жағындағы ауылдардың бірінде қошқарға ескерткіш бар.

"Ескерткіш" деген сөзден жез я қола елестейді ғой бәрімізге. Жоға, ол ескерткіш - кәдімгі цементтен!

Жергіліктілер айтады, жүз қойдан жүз жиырма қозы алған сиқырға толы бір жылы үкімет қойып кеткен дейді. Алғашқы тұрқын көргендер басында қошқарға ұқсап-ақ еді дейді. Күн мен желдің қиянатынан онысы-мұнысы үгілгені болмаса, кейін де қошқар екенін дөп басып айтуға болатын кейіпте болыпты.

Сөйтіп жүргенде, бізді қойсайшы: жергілікті бір қушыкеш сол ескерткішті күтуге тендер шығарып алыпты! Мүсінші оқуы жоқ, бұл қалай күтеді екен дейді ғой жұрт.
Сүйтсе, қошқарың жаңа қожасы үшін мүсіннен гөрі үй ретіндегі нысан болғанға ұқсайды. Әуелі елдің аузын аңқитып қойып, екі астау саз илеп алып... ал кеп сылайды мүсінді! Сол жылы көтерем қошқарымыз қоң жинап, ажары кіріп қалды дейді жұрт.

Осымен тоқтаса жақсы, әкім-қараның артын сауып жүріп, енді жылына екі мәрте жөндейтін болыпты анау іскерің. Айтып-айтпай не керек, бір күні қошқарың сылақтан жардай боп семіріпті. Артынан қарағанда қошқардан гөрі бұқаға келеді, қарашы деп еді бірде, машинадан түсуге ерінгегіме өкінемін.

Іскерің тағы бір жылы тендер шартына әктеуді де қосып алыпты. Енді бұл ауылға келе жатқанда аппақ бұқа менмұндалайды. Мүсінде қошқарға тартқан тек мүйіз қалса керек.

Сол ауылдың тамғасындай болған сол қошқарға бір ауыз өлең жоқ бірақ. Шетінен домбырашы ол ауылда ақын дегенің қаражаяудың орнына өріп жүр. "Ә" десең - мә саған ямбпен бе, мә саған хореймен бе - суырып салады. Қошқар емес, жалпы, мүсін шабыт шақырмайды дейді олар. Қыз, махаббат, табиғат туралы болмаса, шынымен, қошқар, түйе, итке арнаған шумақтарын мен де естіп көрмеппін.

Әлі бар ол. Қошқар.

4 years ago
Yerlan Ospan
4 years ago

Физика тым жақсы қазақша сөйлейтін еді. Әйтеуір мектепте кәдімгі қазақтың сөзімен оқытқан. Түйір де орысша я ағылшынша араластырмай. Бәрі түсінікті еді. Осы күні таң қаламын соған.

Физиканың сол қазақшасы біразға дейін бүлінбей, аман жүрді. Себебі физикаға қоғамдық ғылымдардағы сияқты әпербақандар көп жолай алмайды. Амал не, 2000-жылдарда білім министрлігі тарапынан қазақша техникалық әдебиет жазуға ынталандыру саясаты жүрді. Сен жазып тұр, "Фолиант" басып үлгерсін тек деді.
Құптарлық іс демеші тек. Сапасына қарамады ғой. Авторы әлдеқашан өліп қалған орыс кітаптары кенет қазақ автордың атымен шыға бастады. Жақсы, этикаға да түкірдік.

Бірақ қазақшасын айтсайшы. Мезет кенет "момент" болды. Тағысы тағылар. Оны қойшы. "Квантовая запутанность" деген ... "кванттық шатасу" болып шығыпты! Автор тек тәржімашы болса керек. Әйтпесе ол әншейін ғана - кәдімгі байланыс қой! Ұқсатып аударам, құбылыстың табиғатын дөп жеткізем десең - "шелену" болсын ал. Орысшасындағы "запутанность" сөзінің "путаницаға" еш қатысы жоқ. Оны ең болмаса ютюбтен бір видео қарап түсінуге болар еді.

Ескі емес, бұрынғы қазақ техникалық әдебиетімен еш байланысы жоқ бір толқын келіп, инженерлік лексиканы өлтіріп жатыр. Жоқ, өлтіріп тынды.

4 years, 1 month ago

#Тәуелсіздік30

БАЙҚОҢЫРДЫ ЖАЛҒА БЕРУ ШАРТЫНЫҢ ТҮПНҰСҚАСЫНДА БАҒА НЕГЕ ҚАЛАММЕН ЖАЗЫЛҒАН?

Тәуелсіздік алғаннан кейін, ел болудың дайын рецепті жоқ екен. Тоқаевтың "Жарық пен көлеңкесінен" бір сәттік іркіліс-кідірістің, алғырлық-тапқырлықтың ел үшін қандай рөл ойнауы мүмкін екенін көріп, қайран қалып отырмын. "Оқығаныңның бәрін ұмыт, нағыз жұмыс енді басталады" деген сияқты екен.

Қазақстан Тәуелсіздік алған соң, Ельцин - Байқоңыр ғарыш айлағын Қазақстанның меншігі деп мойындағаны үшін тегін пайдаланбақ ойын ашық жеткізіпті (!).

Кезекті бір кездесуде Назарбаев Байқоңыр үшін Ельциннен 200 млн доллар сұрайды. Ельцин ойланып отырып, 50 млн төлеуге келісетінін айтады. Назарбаев:
- Борис Николаевич, 100 миллион болсын, сосын достығымыз үшін үстіне және 15 миллион қосыңыз! - дейді.

Осы кезде ұсыныс ұнамаған министр Козырев Ельцинге әлдене айтпақ болып оқыс қимылдайды. Министрінің, аузына сөз салмақ болған әрекеті ұнамаған Ельцин "келістім!" деп, үстелді дүңк еткізеді. Сол кезде Назарбаев келісім-шартқа соманы қаламмен жаза қойыпты.

Мұндайды университетте оқыта ма???

4 years, 1 month ago

#Тәуелсіздік30

СОЛ ЖАҒАЛАУДА ШЛЯПА ҚУУ

1995 жылдың желтоқсанында Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік дипломаттарға... Ақмола қаласын таныстырады. Осының алдында ғана Тәуелсіздіктің сөзсіз елеулі оқиғасы - ел астанасын көшіру туралы Жоғары Кеңестің шешімі шыққан еді. Әрі қарай - кімге күлкі, кімге түрпі бұл оқиғаны Қасым-Жомарт Кемелұлының өз аузымен баяндайын.

...Қиырда жатқан қаланы көрген шетелдіктердің зәресі ұшты. Ақмоланың әбден тозған аэропортына түсіп, сосын, Социалистік Еңбек Ерлерінің портреттері самсап тұрған орталығына келдік. Қала ішінде әлем пролетариатының көсемі Лениннің еңгезердей ескерткіші, одан қалды алғаш тың игерушілердің құрметіне қойылған трактор және тұр еді. Көңілсіз көріністі желден жатаған болған тозық үйлер мен сақылдаған аяз күшейте түсті. Әсіресе Үндістан мен Пәкістанның елшілеріне ауыр тиді, мұндай суықты көрмеген олардың кескіндерінен абыржу мен қобалжу айқын көрініп тұрды.

Жергілікті билік Иран елшісіне малақай сыйламағанда, бір сағатта о дүниелік болуы ғажап емес еді. Ал АҚШ елшісі Элизабет Джонстың жел ұшырып әкеткен шляпасын Есілдің сол жағасындағы дипломаттардың барлығы қуды...

Ел астанасы Ақмола болатыны жөніндегі әңгімелеріме дипломаттар кекесін болмаса да сыпайы сенімсіздікпен жауап берді... Мені жақтаған жалғыз кісі моңғол елшісі болды. Ол, "Ақмола ұнады, Улан Батор сияқты екен" деді...

We recommend to visit

Қаракесек фан канал ; )

Админ: @KZmenenger

Құран арқылы Әлемді таны?

Ұстаз Ерлан Ақатаев уағыздар жинағы.