Қаракесек фан канал ; )
Админ: @KZmenenger
Құран арқылы Әлемді таны?
Ұстаз Ерлан Ақатаев уағыздар жинағы.
Екі күннен бері Қазалыда дүбірлеген той өтуде. Мүшәйрада БАС ЖҮЛДЕ алған өлеңді оқи отырыңыздар👇🏻
Айтық биге арнау
Ұлы дала ұлылардың қабірі,
Жалпақ жұртқа жайылатын тамыры.
Қасқа айғырдан төбел туған бабалар,
Өлгеннен соң тірілетін қадірі.
Жел сөйлесе табиғаттың тілінде,
Ел сөйлесе шариғаттың тілінде.
Күй сөйлесе шемен-шерім шертілер,
Би сөйлесе ақиқат бар түбінде.
Тура жолдан жаңылғанда тайқып кей,
Толғандырар өр рухымды қайтіп күй?
Аталы сөз өлмесін деп Алашта,
Айтар сөзін айтып кеткен Айтық би.
Би бар жер де туысқан жоқ, туыс жоқ,
Би жоқ жерде ынтымақ жоқ, ырыс жоқ.
Дау мен жаудың қағып алған кәлласын,
Қызыл тілі қыннан шыққан қылыш боп.
Адамдардың адал болса тілеуі,
Адамзаттың Алла болар тіреуі.
Алты құрлық аузы аңқиып жүргенде,
Жеті жарғы жазғандардың біреуі.
Сүйек құны сұралмаса кернеп кек,
Өнер құны өтелмесе сорлы етпек.
Сүйегіне сарай салдық мәрмәрлап,
Өнеріне өлең жаздық өрнектеп.
Құндылығы құлдыраған әлем бұл,
Әділетті әңгіме ғып әр ел жүр.
Түркістанға жетпей қалған мүрдесін,
Түгел Түркі әрең таптық әнеу жыл…
От кешкендер ортақ ұлы түркінің,
Ғайып-ерен, қырық шілтен ғұрпымын.
Сүйегіне сіңген сөздің сәулесі,
Жүрегінің көзін ашты жұртының.
Жүрек көзі нұрлы болған Әйтеке,
Көңіл көзі сырлы болған Әйтеке.
Рух көзі рухымызды оятып,
Төбе көзі пірлі болған Әйтеке.
Төрт көзі де түгел ашық әз бабам,
Сенен келді төбедегі сөз маған.
Анамыздан адам болып туғанмен,
Әйтеке боп жаратылу жазбаған.
Низам салған наркескендей нар ұлдар,
Білте шамдай пендешілік арым бар.
Әлеуметтен әділет іздеп жүргендер,
Әуре болмай Нұратаға барыңдар.
Нұратада бір атаның балдары,
Өлі-тірі төртқараның шалдары.
Қорым болып жатқан шығар ордалы,
Орындалып жатқан шығар арманы.
Көкке қарап ұлығанда кәрі кек,
Жерге қарап қалғаныма лағнет.
Әділеттің ақиқаты Әйтеке,
Әйтекенің ахидасы әділет.
Атан белім аманат бар бүгілме,
Асқақ рухым күн сөнгенше түңілме.
Әділетті жерге көмген халықтың,
Әпендісі молда болар түбінде.
Түменбай Ақжол
Аллаға шүкір
✨✨✨
Қызыма
Күн сәулесі төгіліп келбетіңе,
Құрсағында анаңның тербетіле,
Толғағы жоқ әкеңді толғандырып,
Қызым менің, қош келдің жер бетіне!
Қызым менің, қош келдің жанұяма,
Кіп-кішкентай періште сәби ана.
Аманатқа анаңды алып едім,
Құдай сені сыйлады хадияға.
Шын бақытты адам жоқ шіркін менен,
Қуаныштың көз жасы іркілмеген.
Жүрегіңнің соғысын көріп тұрмын,
Жұп-жұмсақ еңбегіңнен бүлкілдеген.
Баяғыдан біртоға күй кеше алмай,
Өмір өзі тосын сый кейде сондай.
Пенделердің тілінде шүлдірлеймін,
Періштенің тілінде сөйлесе алмай.
Әлди айтып берейін әп-әдемі,
Жұбата алмас жаһанның жеті әуені.
Қуанғаннан арқама қанат бітіп,
Төбем көкке жетпей тұр екі ақ елі.
Той тойлайын десем де ой көп менде,
Қол жетеді қол созсаң ой жеткенге.
Қылығыңды көрейін қыз болғанда,
Бұрымыңды өрейін бойжеткенде.
Қызы барды Құдай да мақұлдайды,
Қызы барлар жұмаққа жақындайды.
Қыз әкенің қырдағы қызғалдағы,
Бұл махаббат еш жерде сатылмайды.
Жұртқа жаға болам деп халқыма жең,
Жар ғұмырып боп кетті жалпыға жем.
“Қыздан рахат көресің” дейтін еді,
Ұлдан рахат көрмеген марқұм әжем.
Өмір қатты қуантар бізді кейде,
Бұлқынады бесікте ізгі бейне.
Жаңа туған айдай боп маусымдағы,
Қызым менің, қош келдің біздің үйге.
(с) Ақжол Түменбай
Қаракесек фан канал ; )
Админ: @KZmenenger
Құран арқылы Әлемді таны?
Ұстаз Ерлан Ақатаев уағыздар жинағы.