daulet zhadyrasyn

Description
We recommend to visit

Қаракесек фан канал ; )

Админ: @KZmenenger

Құран арқылы Әлемді таны?

Ұстаз Ерлан Ақатаев уағыздар жинағы.

1 year, 8 months ago

Жыл ғана жаңарады ертең, көкем,
Биылдай ол бейкүнә, көркем бе екен?

Оны да биылғыдай ластаймыз ба?
Тағы да қанға бояп тастаймыз ба?

Сыздайды ескі жара сыздаудай-ақ,
Жыл өзі-ақ жаңарады біз бармай-ақ.

Есігін қағамыз-әй, қалай барып?
Кетейік одан да біз кері айналып.

Онсыз да кері кеткен ел емес пе едік?
Келешек жарылқайды нені ескеріп?

Бұл күнде алдымыз шаң, артымыз қан,
Бәрібір айрылмаймыз салтымыздан.

Қашайық жаңаратын есептерден,
Не таптық ескілікті есейткеннен.

Дәл бізді күткен емес бұл шынында,
Кетейік мың бірдеңесінші жылға.

Қайтайық өркениет сөкпей тұрып,
Ескі пышақ жаңа қан төкпей тұрып.

Жыл ғана жаңарады ертең, көкем.
Жаңаға «жаңармаған» ел тең бе екен?

Дәулет Жадырасын

1 year, 9 months ago

ӨРТЕНГЕН ҮЙ
(баллада)

Кіл көңілшек бұлттардың әлегі-ай,
Бір көрінсе не қылады уәделі Ай.
Жарты әлемнің әйнегінде ойнаған,
Мына түннің беймаза бір әуені-ай.

Мына түннің тарам-тарам саусағы,
Түрте-түрте төзіміңді тауысады.
Неге адамның аяулы екен аңсары,
Неге содан аумайды екен тамшы әні?

Ащы дауыс тіліп түсті түнді бір,
Терезеден үркіп ұшты кіл күбір.
Жарым түннің қойнауында жаңғырған,
Айна қыздың айғайы екен гүл-ғұмыр.

- Мама! Мама!
Біздің үйге шоқ түсті!
...өрт құшты!
Бітті бәрі, бітті... күлі көкке ұшты.

Жылап жатыр сәби жүрек еңкілдеп:
Өшіре алмай қалдым, мама, өртін, - деп.
Жылдам басып жетті-дағы бөлмеге,
Кіріп келді жас келіншек желкілдеп.

Қараңғыны қақ тіледі аяғы,
Дереу әйел құйттай қызға таяды.
Айна қыздың оттай ыстық маңдайын,
Аймалады алақаны аялы.

Жылады қыз, баса алмады өксігін.
- Қой, қоя ғой, қарашы өзің - жоқ шығын.
Кіріп алып құйттай қыздың түсіне
Айнашыма тиген қайсы жексұрын?

- Болды, қудым бәлекетті, кетті үйден,
Жөн, алтыным, түсті жалған деп түйген.
Үйің – міне, бауырларың жаныңда,
Ештеңе де жоқ, қарашы, от тиген.

Келіншектің төңірегін жағалап,
Балақайлар келді жылап «мамалап».
Ешкімді де бөлмеді әйел алалап,
Әсем әнге салды бір сәт ғаламат.

Бәлкім, ұлы мейірімнің сиқыры,
Әнге елітіп кетті бәрі ұйқыға!
Ептеп басып шыға берді келіншек,
Сүйсінді де сәбилердің сиқына.

Кірпік ілмей жатты сол түн тек Айна,
Терең ойға батты сол түн тек Айна.
Терең ойға батты сол түн неге Айна?
Өртенген үй кіре берді неге ойға?

Бар еді оның ғажайып бір әлемі,
Әлемінде сүйкімді үйі бар еді...
Мына түннің беймаза екен әуені,
Ай да бүгін көрінбеді уәделі.

Сол түстен соң Айна тұйық боп алды,
Сол түстен соң күлуді де доғарды,
Қара түнде қазынасы тоналды,
(Бітті бәрі, өртке оранды, жоғалды.)

Кірпік ілсе алау көрді қып-қызыл,
Жүрегіне артып алды жүкті зіл.
Айна қызда аяулы арман жоқ енді,
Жалғыз үйі бар еді тек... бітті жыр.

Өзі ғана қағып еді шегесін,
Өзі ғана жауып еді төбесін.
Өртең жайлап кеткені ме енді оның
Ертең жайлы ең ізгі бір елесін?

Қаншасының арқандадық арманын?
Қаншасының талқандадық қорғанын?
Қанша құстың жұлып алдық қанатын?
Қаншасына бердік өмір балдағын?

Ортасына ойдан салған ұяның,
Мақұлықтар тигізеді тұяғын.
Ар-алаудың тартады әлі азабын,
Балалардың өртеген ел қиялын.

Жалғыз үйге жетелейтін жол қайда?
Қараңғылық құрсауында тоңды Айна,
Ертегіге сене алмайды енді Айна,
Ертеңіне сене алмайды енді Айна.

30.10.2024. Дәулет Жадырасын

1 year, 9 months ago

Көптен бері ештеңе салмай кеттім. Сондықтан менен бір баллада болсын

2 years, 2 months ago

Қорқамын

(Сақташы, Құдай, ол қызды мұңнан,
Бар оның ізгі арманы).
Қорқамын сенің жалғыздығыңнан
Жанымда отырғандағы.

Сезім де терең тілсіз білінген,
Тыныштық - жанның арманы.
Қорқамын бірақ үнсіздігіңнен
Жанымда отырғандағы.

Жасқанба тіпті жылап қалудан,
Жұбату - жардың арманы.
Қорқамын сенің жырақтауыңнан
Жанымда отырғандағы.

Д. Жадырасын

2 years, 3 months ago
2 years, 3 months ago

Мүшәйра! Мүшәйра! Мүшәйра!

Жүлде қоры өте қомақты!

“Ешкімнің” нешеме жылдығына арналған республикалық мүшәйраға қатысуға шақырамыз!

Өлең көлеміне шектеу жоқ: поэма, баллада, толғау, қара өлең, ақ өлең, тіпті “жоқ” өлең болса да қабылданады.

Өлеңдерді қабылдау уақыты: 20 мамырға дейін.
Звоноктарды қабылдау уақыты: 19 мамырға дейін.

Мүшәйраға еліміздің барлық аймағынан 18-♾️ жастағы есімі елге танылып қойған және қазылар алқасымен тығыз қарым-қатынастағы ақындар қатысады.

Бас жүлде - 2,5 млн. теңге (мерейтойы жақындаған тұлғаларға немесе осыдан төмен орындарды алып көрмеген және алмайтын қаламгерлерге арналған)

Бірінші орын - 1,5 млн. теңге (мүшәйраға өлеңдер қабылдау басталған күні әділ қазы ағасына қоңырау шалып көңілін тапқан пысық жазармандарға арналған)

Екінші орын - 1 млн. теңге (әдемі күлкісі мен “жақсы” қарындас бола алғаны үшін нәзік жандыларға арналған)

Үшінші орын - 500 мың теңге (барып кел-шауып келге қолайлы ботақандар үшін)

Ынталандыру (бесеу) - 300 мың теңге (мүшәйра қорытындысынан соң әлеуметтік желіде байқаудың әділ өткені жайлы, барған өңірінің әсем табиғаты, қонақжай халқы, ұйымдастыру деңгейі жайлы жылы пікір білдіретін, сондай-ақ ұлы тұлға Ешкім туған өлкеде оның ізбасарларын көре білетін жандарға арналған).

Ескерту: Мүшәйрада “жоқ” өлеңдер де жүлдеге ие болатындықтан, жеңімпаз жырлардың барлығы жұрт назарына ұсынылмайды.

We recommend to visit

Қаракесек фан канал ; )

Админ: @KZmenenger

Құран арқылы Әлемді таны?

Ұстаз Ерлан Ақатаев уағыздар жинағы.