Last updated 1 year, 10 months ago
Last updated 3 months ago
Өзіме сабақ болды:)
Сіздерге де көмектесер деп, әрі ішімді босатып жазып отырмын.
Ұзақ оқиғадан түйін:
- өзімдей істей алмайды-ау деп ойласаң, “өзім жасағаным тез” демей, қалай істеу керегін үйрет: бір қолдан, екі адамдыкі жеңілірек.
- айнала, басшылық, әріптес не басқасы орынсыз, аргументсіз коммент жаудыра бастаса төбеңе шығара бермей өзіңдікін айт, дұрыс ойыңды жеткізіп, бәрін жайына қой: үйде мүжіле бастайтын жүйкеңді сен айтпасаң ешкім ойламайды. көңіліңе өзің қамқор бол.
- үлкен адамсың. уақытыңның есебін біл де, ақшаға келісім бар болса уәде еткен жұмысыңды ғана істе: ондайда жүйкеңді тоздырып жасаған артық қайырымдылығыңның құны бес тиын.
Қазір бірге істесіп жатқан жобада менің міндетім түсірілім мен монтаж ғана.
Бірақ журналистік тәжірибем үшін бүгінге дейін сценарий мен дыбыстауды қоса мен істеп кеттім.
Сонда жобадағы үш маман кейіпкер тауып, СММ қыз мен дайындаған материалды салып, дизайнер 2 секундық дайын графиканы әр рилс үстіне қойып отырғанынан бөлек негізгі бар жұмыс менде болды.
Ааай сонда қиналғаным-ай..
20-30 минутқа дейін созылатын әжелердің әңгімесінен жинақтап, бас-аяғы бір әдемі мағына құрайтын 2 минуттық рилс шығару керек. Солай әр әңгімені мың тыңдап, сөз, сөйлемдерін қиып-жалғап екі-үш бөлікке жинақтауға 1-2 сағат кетеді. Оған басын бастап, әңгіме арасын жалғап тұратын кадр сыртындағы мәтін (КСМ/ЗКТ) құрап жазу, әрлеу, толықтыруы бар: тағы 1 сағат.
Аал, әңгіме, сөздерің түгел дегенде үстін кадрлармен жауып, мәтінді оқып дыбыстап, фонына әуен қойып соңғы штрихын жасау қалады. 1,5 сағат…
Мен бейбақ әдемі дүние қалыптастырсақ, бір ізге келтіріп алсақ деп әр рилстың жоғарыдағы 1,2-бөлім жұмыстарына 4 сағаттай жұмсап жүрдім.
Содан бір апта бұрын әп-әдемі-ақ жасап бір дайын рилсты жіберсем командадағы дизайнер жігіт “рилс не жайлы екені түсініксіз” деген аргументсіз коммент айта салды. Жазбаша сценарий бар файлмен бірге жібердім ғой, жооқ, қарап, әр сөзге мән беріп оқу, тыңдау жоқ. Автобуста жүріп бір-екі рет тыңдайды да, “а, ой түсінбедім” деп сенің 4 сағат шұқыланып, миыңды қыздырып отырып жасаған жұмысыңды оңай комменттей салады.
(Ал менің еең жек көретінім де сол: біреу бір ауыз сөз еңбегін қоспай жатып жұмысымды құнсыздандыруы.)
Аайда қайнап кеттім де бәрін жаздым. Міндеттерін командадағы әр адамның өзіне қайтарып бердім: “бар материал гугл драйвта тұр, толық қарап, маған тек дайын сценарий жіберіңіздер, тек монтажын жасаймын” дедім.
Екінші күні кейіпкер сөзінен мүлде алшақ, сәтсіз сценарийлер келгенде сценарий жазу реттілігін үйретіп команда чатына туториал жаздым.
Артынша командадағы қыздардан дайын сценарилер келіп, бір рилсқа 1 сағат қана жұмсағанда бұған дейін қаандай ақымақ болғанымды түсіндім ғой.
Түсінгенім, кез келген жұмысты “өзім” дей бергеннен түбі қиналып қалатын өзің ғана. Барлық жерде жұмыс сен келгенге дейін де жүріп жатқан, сен кеткен соң да сәл ғана өзгеріс болса болар, бірақ жалғаса береді.
Өзіңе көп алмай, міндеттерді бәріне тең бөліп істеген жұмыс қана тез, жеңіл жүреді.
Ал “қайырымды апай” болып идея үшін ғана өзгенің міндетін өзіңе алу - еең ақымақ іс.
Тосыннан жеткен бақытты сәт – ғаламның өлшемінде тіпті де тосын емес. Оның есесін сен өмір жолыңда жолыққан жандарға көрсеткен адамгершілігіңмен, мейіріміңмен, адалдығыңмен, әділдігіңмен төлеп қойғансың. Кейде жалғыздықта төккен көз жасыңмен де төлеп тастайсың. Басыңа бақытты күн туғанда сен жай ғана қуан.
Сүйемін мына шынайылықты.
Шынайы жүре алатын батылдықты, еркіндікті, жеңіл өмірді??
Біршама уақыт бұрын көңілім суып қалған құрбы қызбен жақында татуластық. Әңгіменің бәрі жай ғана екеуміздің болмысымыз бен бұған дейінгі сүрген өміріміздің кереғарлығы әсерінен көзқарасымыз келіспей қалуынан туған еді. Мен де өз қателігімді мойындап ашық әңгімеге тартып едім, ол да эгосын басып жұмсақ жүрегін сөйлетті.
Адамның күні адаммен деген рас қой.
Сол құрбым кешелі-бүгін аяқ асты бір мәселемді шешуге көмектесе салды. Жай ғана мен қазір хабарласа алмай отырған елде танысы бар болып шықты.
Қызық.
Алла өзінің сабағын осындай түрлі жайттармен жеткізеді екен.
“Сол кезде көкірекке салып кекіреймей адамдығыңа жеңдіргеніңнің сыйы осы. Сабағы да да осы, қабыл ал”,-дегендей болды.
Солай қабылдадым.
Кейде адамдармен арада біраз түсінбестіктер болса да эгоны басып, ортақ мәмілеге келіп, соңында түсінісіп, татуласуға тырысамын. Ренішсіз, жеңіл көңілмен жайлы сүрген өмірге жетпейді.
Ұстазбен жақын араласудың бір ғана минусы:
Көп адамнан сол кісідегі ішкі мәдениетті күтіп қала бересің.
Солай басқа жақын-ау деген адамдарыңнан жауапсыз, түсініксіздеу қатынас көргенде ұстазбен салыстырып қаласың, басқасына деген таза көңіліңді де кірлетіп аласың.
Әрине, кімнен нені күтіп қалғаныңа өзің ғана кінәлісің, соңында өз көңіліңнің алдында өзің жауап беріп отырғаның.
/// Кейде өзің сыйлайтын көп адаммен жұмыс барысында кездеспеген абзал-ау.
“Алые сердца”-ның OST-ы “For you”-ға кавер:)
18:10.
Тамақ істеп ас үйде жүрмін. Терезеде даладағы құйып тұрған жаңбыр. Көңілдің бар қыртысы жазылып, кеудемде бір тонна таза ауа кіргендей жеңілдік. Еркелеп кетіп, оралған пердені жоғарыға ысыра бергенде әуен қосып қойған ноутымнан оюдағы Садраддиннің “Айға қарабы” басталды.
Қосылып айтып, көйлегімнің етегін ойната билей салғанда миыма бір жыл бұрынғы дәл осы кезден флешбек оралды.
Садраддин сол әнді енді шығарған уақыт.
Ұзату, үйлену, бәрі өткен соң ата-енемнің үйінде тамақ дайындап жатып дәл осы әнге еркелеп, билеп жүрдім.
Бір жыл өтіпті.
Отбасылы болып, қаласам тамақ істеп, қаламасам істемей апталап жүре беретін ас үйімнің иесіне айналғаныма, сағат сайын келіп сүйіп-құшақтап, еркелетіп кететін күйеуімнің әйелі болғаныма, бірігіп үй болудың қамын әңгімелей бастағанымызға да.
Ал мен жаңа дәл сол алғашқы отбасылы күнімдей еркелеп, алаңсыз бұралып билеп тұрдым.
Соңғы 3-4 айдағы күшті жаңалық, әдемі саяхаттар, жақсы мүмкіндіктер… іштей өзім аңсайтын aesthetic үйге көшу…
Билеп тұрып осының бәрі миыма ағылып келіп жатқанда танауымды қыздырып көзіме жас келді де, “құдай-ау, осынша бақытты бола ма адам” деп жылап қалдым.
Тап бір көрші үйді көрсетпей тұмандап жауып, нөсерлеп құйған жаңбыр дыбысынан менің даусымды ешкім естімейтіні жасымды одан әрі қолдап-қолпаштап тұрғандай еңкілдеп жыладым.
Рақаттанып,
билеп тұрып,
жы-ла-дым.☔️
Соңғы уақытта жетпей жүргені, керек болып, бірақ шыға алмай жүргені де - осы жас, осы сәт, осы бір соус-сезім еді.
Енді бір баяулап, өз темпімді ұстағанда ғана өткен 3-4 айдағы бар сезімнің әрін келтіріп, толыққанды бақытты сезіндіре қойған осы сәт, осы жас.
Ыстық, әдемі жас.??
17.07.2024
Last updated 1 year, 10 months ago
Last updated 3 months ago