Jurek dapteri

Description
Жүрегімді оқы
We recommend to visit

Жарнама/Сұрақтар бойынша: @wtsp_bot

Stray Kids — @StrayKids_BUMM
Gallery — @skzgallery_BUMM

Источники: https://twitter.com/skzwithstay8?t=FM3OJW-gG9gAu6KI9ybxrA&s=09

Last updated 2 months, 2 weeks ago

Girls

Last updated 5 months, 1 week ago

3 weeks, 3 days ago

Өзгемен қалай тұрып жатырсыз –
Өмірі ұшып көрмеген?
Сіз қалай тұрмыс құрып жатырсыз жағалауменен – жерменен?

Қалды ма ұмыт қалқыған арал Төсінде көктің тербеліп
Қалды ма ұмыт сарқырамалар – жарқырап ағар, өң беріп?

Сіз қалай бірге тұрып жатырсыз
Әйелмен – әнсіз, жай, жаман,
Ұрымен өмір сүріп жатырсыз
Тағымды менің жайлаған?

Халіңіз қалай, қарағым, анық –
Жайыңыз бәлкім жайлы шын?
Сорлының қалай сауабын алып,
Табасыз бабын байғұсым?

«Жүзуден қажып,
Жерінген кемем.
Жетеді!
Жерде қаламын!»
Қалай тұрасыз көрінгенменен,
Артық көретін адамым!

Дәмді ме әлде пісірген асы – Дастарқан үсті толы – кең?
Бақ қонғыш болған үшін бе басы –
Тұрасыз қалай сонымен?

Жат әйел жанын ұғасыз қалай
Өзіңізді алдап, тер төгіп
Және де бірге тұрасыз қалай
Ұяттан кетпей өртеніп?

Қалайсыз енді, халіңіз қалай – Әніңіз бар ма әлі де?
Жарасы кетпес жаныңыз қалай –
Шыдайсыз қалай бәріне?

Қалай тұрасыз (бар сұрайтыным)
Базардан алған бөзбенен
Алтыннан кейін, жарқырайтұғын –
Бағасы төмен жезбенен?

Көңілдің – арзан ермегі, жаңа
Таптыңыз ба әлде емін сіз?
Қалай тұрасыз жердегі ғана
Жай әйелменен сезімсіз?

Бақыттымысыз?
Жауыр ма әлде
Жүректің түбі – мұң өрген?
Жайыңыз мендей ауыр ма әлде –
Тұратын басқа біреумен?

Марина Цветаева
Аударған: Гүлнәр Салықбай

3 weeks, 4 days ago

Бір шай қасық қана...

Өңі бар...
өлермендігі де жаман емес былай,
Осындай жандардың он екі мүшесін,
Денесін,
санасын
Түп-түзу жаратып
Бір шай қасық қана
Ар қоспай...
Қоятыны несі Құдай.

Ақорда...
Бұл өтіріктер үйіндісі
Жаным пәруана көбелектей
шарпылған.
Тойдым,
рас одаңа...
құрғақ қуырмаңдаршы
өтінем...
Бір шай қасық қана
Май тамызыңдаршы табаға...

Ықылас Ожайұлы

1 month, 1 week ago

... Қыз айтты “мәңгi бiрге болам”, – дедi
Шынжырлап байлаған кiм оған менi.
Шығардық Айды аспанға (көрмеймiсiң,
Түскен жоқ Ай аспаннан содан берi).

Ауылдың Ақши деген белесiнде,
Берген сөз, байласқан серт – ол есiмде.
Жұлдызым жанды дедi ол (бұған дейiн,
Болған жоқ көкте жұлдыз, сенесiң бе?)

Байқасаң, шындық та шын, жалған да шын,
Бостекi өңшең бiлмес сандалмасын.
Ұлиды Айға қарап қасқыр дейдi,
Қайтедi Айға ұлымай алданғасын.

Қайда әлгi жұлдызды сәт, алтын күнiм,
Төгедi Ай болмашы салқын нұрын.
Ай-дағы менiкi едi, жұлдыздар да,
Кетiптi-ау иемденiп әркiм бүгiн...

Есенғали Раушанов

3 months, 1 week ago

Қар,
сенің жауа салғаның қалай тым ерте,
Қазанға ауа салғаның қалай тым ерте?..
Сағынып жүрген бір кұрбым менің болмаса,
Сағынып әлі үлгерген жоқ қой бұл өлке!

Менің де бұрын танылғым келген тым ерте,
Сөрелерден де табылғым келген тым ерте,
Танысып қалған кұрбыжан ғана болмаса,
Танып та әлі үлгерген жоқ қой бұл өлке!

Екеуміздің де тілегіміз бұл көп күннен,
Көп күннен: ой да, қуаныш, мұң да шектірген.
Ұшқындап жауып, алақандарда ерідің,
Ұшқындап жазып, жүректерде еріп кеттім мен!

Ерлан Жүніс

3 months, 2 weeks ago

Кейде, баяғыдай мейірімді де сияқты паң Қалам!..
Ал, қандастарым қазақша сөйлесе кетсе, таң қалам!
Сөйтуші еді алпыс екі тамырым арсыз қозарда!
Таң қалатын болдым, бір әдепті саудагер тұрса да базарда!

Ести қалса біреуден риясыз күлкіні,
жүрегім талып та қалар бір күні!
Көңілім абдырап, берген сәлемінен-ақ шынайы,
таңырқап қалатын болдым, 
біреу келсе үйіме: "Қонақпын - деп, - құдайы"!

Қырық құбылып мінезімдегі ізгі өлшем,
Кәдімгідей қысылып та қалатын болдым, 
бір ұялшақ қыз көрсем!
Дүниеден қайтқан кезінде семсер-Ер,
Аңырайып та қалам, 
"Ой, бауырым!-дап біреу келсе егер!..

Улы сезімге шүпілдеп тұрғанда шер-кесем,
Таң қалам, әкім де әкіреңдемей сөйлесе!
Таң қалам - әр маусым да өз қасиетімен көрінсе!
Бұл әлем мүлде өзгеріп кеткен секілді менімше?!...
Әйтеу, мен қазір жылт еткен жымиысқа да таң қалам!
Оңбаған!..

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

3 months, 2 weeks ago

Өтті жаз,
Кетті алыстап жұмақ көктем.
Күз келді,
Қайтты құстар шұбап көкпен.
Дауысы қайтқан құстың
Неткен мұңлы!
Қыздай боп ұзатылған, Жылап кеткен.
Жаз өтті, жаймашуақ күз де өтеді,
Қыс келіп құмай тазы із кеседі.
Көшеде көз қуаныш ұл мен қыздар,
Біздерге өткен күнін іздетеді.
Жас едік бір күлгені мың қаралық,
Біз де осы қуаң тарттық гүлдеп алып.
Өмірден қай қорытынды шығарсаң да
Бәрі де тіреледі мұңға барып.
Егдеміз егде жасқа бағынышты,
Кеудеңде лықып тұрған сағынышты.
Білмейсің айтарыңды кімге барып,
Сонда да шуағы ұяң тұман таңда,
Ынтығып оянасың күнге жарық.
Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға,
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.
Егілген үнсіз дүние...
Сыз. Нөсер. Күз...
Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.

Есенқұл Жақыпбек

6 months, 2 weeks ago

Қорқамын

(Сақташы, Құдай, ол қызды мұңнан,
Бар оның ізгі арманы).
Қорқамын сенің жалғыздығыңнан
Жанымда отырғандағы.

Сезім де терең тілсіз білінген,
Тыныштық - жанның арманы.
Қорқамын бірақ үнсіздігіңнен
Жанымда отырғандағы.

Жасқанба тіпті жылап қалудан,
Жұбату - жардың арманы.
Қорқамын сенің жырақтауыңнан
Жанымда отырғандағы.

Дәулет Жадырасын

6 months, 3 weeks ago

О, балалық, сен не деген бақытты ең!
Қармайсың бармақтардың астына,
Бір жымисаң жібітесің тасты да,
О, балалық, сен не деген бақытты ең!

...Жер-әлемге жайып тастап шуақты,
Бір алтын шар көтерілді күн атты.
Әйнектерде тұрып алды ол дірілдеп,
«Ертең» емес менің атым, «бүгін» деп.
Ұқсаң еді көңілімді сен менің –
Бүгін, бүгін, кеше неге келмедің?!...

Балалар да оянды, әне, оянды
Төсегінен ұстай тұрды «қоянды».
«Бұл қояным – көжек болып «өсед» деп,
Тұрды бірі саусағымен есептеп.
Содан кейін басталды ойын, кетті олар
Әппақ нанмен бірін-бірі кесектеп.

Конфеттер тұр кірпіш болып қаланған,
Терезеде «арғымақ» тұр жаранған.
Бала-жүрек әрі батыл, әрі аңғал,
Конфеттер тұр кірпіш болып қаланған.

Көк шыбықты мінбейді олар ат қылып.
Ойнайды тек «ракетаны» лақтырып.
Содан кейін жалықтырып бұл да оны,
Қулық ойлар құрбысына күлгелі.
Енді бір сәт: күй тыңдаймын, күй дейді,
«Аққу көлі» балетіне билейді.
Күн күледі – көтерілсе алтын шаң,
....Ей, нәресте, күнге талпын – талпынсаң!

Сыңғырлайды күміс жапырақ, салқын бақ,
Самал есті ақ әжедей аңқылдап.
Самал-әже асығады әрдәйім,
Нәрестенің сүю үшін маңдайын.
Мамалар да дүкен кезіп қайтады,
Оратып ап бір керемет «Чайканы».

О, балалық, сен не деген бақытты ең!
Күндемеймін, күндемеймін, қарағым,
Сендер жәйлі жазылған жыр парағын.
О, балалық, сен не деген бақытты ең!

...Кеуделерде тұтанса ойлар күркіреп,
Соның бәрі бір үміт пен бір тілек:
Балалардың ойынымен қолдағы,
Үлкендер де ойнамаса болғаны!

Жұмекен Нәжімеден

6 months, 3 weeks ago

Жұрт мені ақымақ дейді
Көп күлетінім үшін, жаңбыр астында көп жүретінім үшін.
Олар білмейді жаңбыр тынатынын,
Сосын кемпірқосақ шығатынын.
Бұл менің кішкентай құпиям.
Жұрт мені ақымақ дейді.
Сол баяғы көп күлетінім,
Жаңбыр астында көп жүретінім үшін.
Олар білмейді
Себепсіз күлудің, жаңбыр астында жүрудің.
Тіпті суық тигізіп,
Жұмысқа бармай қоюдың бақыт екенін.
Бұл менің кішкентай құпиям
Мейлі жаңбыр тоқтамасын, бұлттар тарқамасын.
Қалтамда бір тал темекім бар.
Кел екеуміз жылытайық құшағымызбен мына жазды.
Жыласақ бірге жылайық
Күлсек бірге күлейік
Бірге жүрейік жаңбыр астында
Бірге шегейік сосын кемпірқосақты.

Серғазы Қайырболды

8 months, 3 weeks ago

Дәл қазір...
тек басқа қалада,
Сен жайлы ойланды бір адам,
қалаға,
жымиған, жылаған,
дәл қазір арылған күнәдан,
дәл қазір күнәға бататын,
қарады ол:
сен жайлы ойланды,
терезе алдына байланды,
есіне түсірді жайдарлы,
кезіңді,
кезіңді жабыққан,
оның шын сүйерін жаңа ұққан
кезіңді,
кезіңді
сүйікті болудан жалыққан,
сүюге ұмтылған өзгені,
өзгеге арналған сөздерің,
өзгеге қараған көздерің,
мұңайтып тұрғанын сезбедің,
дәл қазір... тек басқа қалада,
сен жайлы ойланған адамды,
өзіңе айналған адамды,
өзіңе байланған жанарды...

Дәл қазір... тек басқа қалада...

Ерлан Жүніс

We recommend to visit

Жарнама/Сұрақтар бойынша: @wtsp_bot

Stray Kids — @StrayKids_BUMM
Gallery — @skzgallery_BUMM

Источники: https://twitter.com/skzwithstay8?t=FM3OJW-gG9gAu6KI9ybxrA&s=09

Last updated 2 months, 2 weeks ago

Girls

Last updated 5 months, 1 week ago